Осы күнгі балаларша:
- Апа, қарным ашты, тамақ бер,- деп, есіктен дабыра салып кірмеймін. Ол сөздің әрі пайдасыз, әрі артық екенін білем. Кітап салған шүберек сумкамды терезенің алдына үнсіз қоямын да, шапанын үстіне айқара жамылып, төсекте бүк түсіп жатқан ауру шешеме мөлие қарап тұрам.
Шешем бұл келген мен екенімді көрмей-ақ біледі. Басын бұрып қарамастан, ыңырсыған нашар дауыспен пәлен жерде бір уыс қуырған бидай, немесе бір уыс талқан тұрғанын айтып, соны жей ғой дейді.
Бір күні оқудан тағы да ішім ішіме қабысып, әрең келдім. Ауырып жатқан шешеме өлімсірей карадым. ІІІешем үнсіз. Пәлен жерде мен үшін сақталып қойылған бір уыс бидай бар екенін айтпады. Үйде ауызға салар түк қалмағанын бірден білдім.
Бұл бірінші кездесіп отырған жағдай емес.
Бұндайда мен сол үнсіз-түнсіз қалпымда сыртқа шығып кетем. Өз жанымды өзім бағудың қаракетін ойластырам. Колхоз председателі Жәкібайдың немесе тамағы бар басқа біреудің үйін торуылдап келем. Батырқан үйіне жоламаймын. Онда Майра бар. Аштан өліп кетсем де Майраның көзіне үй торыған сорлы боп көрінбекші емеспін.
Менің сағалайтыным көбінесе, Жекібай үйі.
Жекібайдың менен үш-төрт жас кіші Тілеу дейтін әрі ерке, әрі сотанақтау баласы бар. Әке-шешенің алақанға салып отырған жалғызы. Председательдің баласы болған-
дықтан Тілеу аш болу дегеннің не екенін онша біле қоймайды. Қолына добалдай етіп нан ұстап, жеп жүреді. Құрдан құр берші дегенге ол нанынан бере салмайды, әрине.
Мен асық бояуға, сақаны тесіп, қорғасын құюға, ләңгі жасауға шебер едім. Осы үшін де Тілеудің ісі түсіп, жалыншақтап жүретін. Тілеу, асық боямаймыз ба? Немесе, сақаға қорғасын құймаймыз ба деп, оның көңілін тауып, қуанта келем. Бұл тәрізді жұмыстарды үйінің артында оңашада істейміз. Қолында наны болса, енді Тілеу аямайды, маған сұратпай-ақ мә деп, жарымын үзіп береді. Үйден тағы да нан әкелуге кетеді. Қолым қимылдаған кезде аузым қоса қимылдауын менің жақсы көретінімді ол біледі.
Председательдің үйінде де шашылып жатқан есепсіз нан жоқ. Тілеу нанды шешесінен өзім жеймін деп, сұрап алады. Оның нанды үйде отырып жемей, далаға тұра жүгіруінен сезіктенген шешесі артынан кейде қуа шығып, үйдің артында бұғыншақтап тұрған мені көріп қояды.
- Оңбаған, нанды кімге тасып жүрсің?! А!
Мен қолдан әрқилы ойыншықтар жасайтын едім. Тігін машинаның жібі оралатын кәдімгі титімдей жұмыр ағаштың екеуін дөңгелек етіп, ағаштан өзі жүретін трактор жасаймын. Артқы дөңгелектің қуысына резинка өткізем де, резинканың бір ұшын түйіп, қуысқа нығыздап бекітем. Екінші ұшына титімдей таяқша ағаш байлаймын. Дөңгелекті трактормен қоса ұстап тұрып, әлгі ағашты саусақпен айналдырсаң, резинка ширатылып қоса айналады. Жерге қоя салсаң, тракторды жортақтатып қуып әкетеді. Резинканың ширағаны тарқағанда, бір-ақ тоқтайды.
Артқы дөңгелектер пышақпен кертіліп, кәдімгі трактордың дөңгелегіндей ирек-ирек тіс жасалған. Түтін шығаратын мұржа, баранка орнатылған. Алдында бұрап, оталдыратын теміріне дейін бар. Қысқасы, сол кездегі дөңгелек ХТЗ тракторынан аумайды.
Базар ойыншықты білмейтін қараңғы ауылда менің өздігінен жортақтап қозғалатын осы тракторымды көріп, балалар түгіл, үлкендер таңқалатын. Бастарын шайқап, мынаның пәлесін қара дейтін. Тілеуге мен осындай трактор жасап берсем, о, онда ол маған үстіндегі көйлегін шешіп беруге даяр.
Көк талдан иіп, садақты әдемі жасаймын. Жебесінің ұшына қаңылтыр қаптаймын. Дән ұшырған жерге торғай Қаптап отырады. Дәл ортасын көздеп, атып қалсам бі-
165
реуіне қалайда тиеді. Оқ тиген торғай тыпырлап ұша алмай жатады...
Қыста ағаш конькиді де балалардың көбінен әдемі етіп жасаушы едім.
Бұның бәрі сөз арасында айтылып жатқан жайлар. Менің айтайын дегенім басқа.
Сөйтіп сол күні мектептен қарным аш қасқырша ұлып, үйге әрең келдім. Шешем жатыр төсегінде, үндемейді. Пәлен жерде пәлендей тамақ бар, алып жей ғой демейді. Үйде ауызға салар түк жоқ екенін бірден білдім.
Қазақ бұны нырай қалдық дейді. Яғни, ауадан басқа жейтін түк жоқ деген сөз.
Өз күнімді өзім көрмек болып сыртқа шығып бара жатыр едім, шешем тоқта деді. Тоқтадым. Шешем ойбайына сүйеніп басын көтерді. Тамақ жасайтын адамша беті-қолын жуды. Бір жаққа қонаққа баратындай әбдірадан таза жаулығын алып киді.
Мен тосып, қарап тұрмын.
Біздің үйде үлкендігі кітап бетіндей бір қалың айна бар. Шешем сол айнаны бипаздап тұрып сүртті де, шүберекке орап, қолтығына қысты. Сосын мені қолымнан жетелеп үйден шықты. Ауыл совет председателі Батырқанның үйіне қарай келе жатыр. Маған бәрі де түсінікті болды.
Бармаймын деп айтуға дәрменсізбін. Майрадан ұялып әзер келе жатырмын.
Батырқанның әйелі есігінің алдында қазанға бауырсақ қуырып жатқанын біз анадайдан көрдік. Майра үйден жайпақ табақпен туралған қамыр тасып жүр. Шешем амандаса келіп, тізе бүкті. Ошақтағы отты сырып жағыса бастады. Мен тікемнен тік тұрмын. Екі көзім қазандағы қуырылып жатқан бауырсақта.
Шымыр-шымыр қайнаған ыстық майға Батырқанның әйелі туралған қамырды тастап келіп жібереді. Ыстық май шыж ете қалады да, көпіршіп тулағандай болады. Әлгіндегі көкшіл шикі қамыр лезде қызара ісініп, торсиған қып-қызыл бауырсаққа айналады. Даяр бауырсақты кепсермен тегешке сүзіп алады.
Піскен бауырсақ осы кезде орта тегеш болған.
Бауырсаққа қараған сайын менің сілекейім шұбырады. Майы шып-шып шыққан қызыл жон томпақ бауырсақтар ауызға түсуге тіленіп-ақ жатқандай. Шіркін, ауызды қарыған ыстық күйде алып жер ме еді!
Жас бауырсақтың бұрқыраған иісі қандай!
Бауырсақ қуырылып бітті. Батырқанның әйелі біздің үйге кіруімізді қаламай сол араға бір тостаған алдырды да, бір уыс бауырсақ салып, шешемнің алдына қойды. Шешем одан бір тал ғана ауыз тиді де, басқасын қотарып менің қалтама салып берді. Сосын манадан қолтығына қысып отырған айнаның орауын жазды.
- Мына айнаны Майраң бетін көріп жүрсін деп, әдейі әкелдім. Үйде бір түйір дән қалмады. Бір кішкене ұн бер, балама күлше пісіріп берейін,- деді шешем.
Майра бұл сөздің бәрін де естіп тұрды.
Мен білген едім осылай боларын. Келгім келмегені сондықтан еді. Кірмегенім қара жер, әзер тұрмын. Телміріп қайыр сұрағаннан біздің бұл халіміздің несі артық?
Ұсынған айнаны Батырқанның әйелі алды. Бір табақ ұн, бір табақ арпа салып берді. Біз үйге қайттық.
Кітап бетіндей қалың айна біздің үйдегі бірден бір іске татыр мүлкіміз еді. Біз одан солай айырылдық.