Бұл хайуанаттар туралы шығармаларда әжептәуір тиянақталған мотивті Әуезов қазақ топырағына, көшпелі сахара шындығына сәйкес әуенде шертеді. Бөлтіріктің өсуін бейнелегенде, автор натуралистік, зоологиялық өзгерістерді жіпке тізіп жатпай, мінез ерекшеліктеріне, сыртқы ықпал әсерінен болған жәйттерге назар аударады. Көксеректің үлкен иттерден, қатын-қалаштан көрген жәбір-жаласы ішіне шемен болып қатып, жалғыз Құрмаш қамқорлығы жүректегі мұзды жібіте алмаған. Повесть сюжеті Құрмаш өлімімен тиянақталып тұр. Шығарманы осымен бітіруге болатын еді, бірақ өйткен күнде, жазушы позициясы, авторлық мұрат көмескі тартып кетері сөзсіз. Зұлымдыққа, озбырлыққа қарсы тұрар, оны жеңер күш бар деген сарынды Әуезов әдіптей түседі. Рас, Аққасқырдың әрекет, кимылы көзге елестердей жанды кейіпте емес. Сырт пошымы да жақсы есте қалмайды. Мұның есесіне соңғы бөлімде Көксерек ізіне түсуі әсерлі баяндалған. Талай иттің мойнын бұрап, мал атаулыға қырғидай тиген Көксерек әлі де осал еместігін көрсетеді. «Ауылға әкелгенде Құрмаштың әжесі боздап келіп: – Қуарған-ай, неңді алып ем?.. Не жазып едім? Бауырына салып өсіргеннен басқа не қып еді менің құлыным? – деп елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті». Ана кесімі – Көксеректі басқа тебуі. Жазушының гуманистік идеалын да осы орайдан іздеуіміз керек. Адам қолында өскен, бірақ адамға қиянат еткен, оның ет-бауырын езіп, жара сапған көкжал сол адам қолынан өлім тапты. Образды ой символдық ойға, әуенді сарын үлкен идеяға ұласып, сахара топырағындағы шындықты қанық бояу, айқын колоритпен бейнелеген «Көксерек» бір әдебиет шеңберінен биіктеп көтеріліп, әлемдік жауһарлар қатарына қосылған.