Атырауда жұмыс жасауға ынталы шетел азаматтары көбейіп барады. Арасында мұнайлы өңірге заңсыз табан тірейтіндері де жиі кездесуде. Осындай заңсыздықтың бір мысалы таяуда көші-қон полицейлері мен облыстық прокуратураның бірлескен рейдтік тексерісі барысында анықталды. Нақтылай айтқанда, Қытайдан келген 20 шетелдік жұмысқа заңсыз тартылыпты.
Қытай азаматтары Атыраудағы «Восход Изопром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде биылғы ақпаннан бері заңсыз жұмыс істеп келген. Тексеру қорытындысымен тиісті заңдылықты бұзған Қытайдың 17 азаматына хаттама толтырылып, әрқайсысына 18 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Тағы 3 қытайлық көші-қон ережесін өрескел бұзғанына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмақ. Құқық қорғау органдары өкілдерінің мәлім етуінше, жыл басынан бері Атырауда шетелдіктердің тарапынан көші-қон заңдылығын бұзған 34 факті тіркелген.
Айтқандай, Қытай азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқан «Восход Изопром» ЖШС басшыларына да хаттама толтырылмақ.