--- Бұл жазылған ақыл сөз екен. Бұлақ күн-түн ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл. Еш уақытта жалқауланып тоқтап қалма. Сонда сен де үлкейіп, мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін,- деді.
Екінші жолаушы молда екен. Басын шайқап:
--- Жоқ, мен олай ойламаймын, бұл жазудың мағынасы сіз ойлағаннан гөрі жоғарырақ болса керек. Бұл бұлақ кімкімге болса да даяр. Ыстықтағанның салқындатып жанын рақаттандырады, шөлдегеннің сусынын қандырады. Бұл үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Бұлай болса, адамға да ғибрат сол - біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек,- деді.
Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен. Бұл үндемей тұрды. Жолдастары:"Сен не ойлайсың?"- деп сұрады.Жігіт айтты:
--- Менің ойыма бөтен нәрсе келеді. Бұл бұлақтың суы күн- түн тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін өзіне ынтық қылады. Олай болса, жазудың мағынасы -көңіліңді,бойыңды осы бұлақтай таза сақта дегені ме деймін,-деді.