Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді.
Ұзын кең өлкені қаптай басқан қарағанның ортасында терең, құр жар бар. Соның бас жағында итмұрынды қалың жыныстың арасында қасқыр іні бар. Жақын елге мәлім ескі ін. Жазға салымнан бері соны екі қасқыр келіп мекен етті. Бұрын итмұрын жанындағы кішкентай аланда кеңдігі кісі сыйғандай үш үлкен ін болатын. Биыл жас топырағы жағасында дөңкиіп, тағы бір жаңа ін шыққан. Бәрінің ауданы бір, жер астынан қатынасы бар.
Күшіктерді жоталарынан тістелеп, індерге тығып-тығып тастап, ақ қасқыр қараған ішіне кірді.
Ін үстіне мүйіз тұяқтар тасырлап дүбірлетіп келді, айқай-дабыр молайды. Бірі үстіне бірі келіп, жиын көбейді. Жерге ат үстінен тастаған ағаштар сарт-сарт түсіп жатты. Ін аузына екі аяқтылар жыбырлады. Көргіш көздер ін түбіне қадалды. Күшіктер бірі үстіне бірі үйіліп, баурын көтеріп қыбырлай алмай, жақын жерде жатыр еді.
Жып-жылы мықты тұсаулар мойнынан, жотадан ұстап бар күшікті сыртқа алып шықты. Жеті күшіктің бесеуін көздеріне қарап отырып өлтірді де, екі кішкенесін тірі қалдырды. Кетерде бұның біреуінің тірсегін қиып қалдырды да, екінші біреуін - ең кенжесін алып жүріп кетті. Қалған жалғыз күшікті тістелеп алып, екі қасқыр жоқ болды. Ін қаңырап қалды.