- Басекен дұрыс айтады, баланың саны алтау, - деді содан соң. - Смирна тұрып, внимательна тыңдаңдар! Тылдағы енбекшілерге көмекке жіберілген жолдастар төмендегіше. Стройдың басында тұрған екеу - қазақ балалары, үлкен сегізде, кішісі алтыда, мынаусы Нартай, анаусы Ертай, екеу ағайынды. Бұлардан соңғы - татар баласы, аты Рәшит, жетіде. Көзі сығырайған жалпақ бет, тақырбас қара - әйел бала, қалмақ, я дүңген, жасы алтыда. Қасындағысының аты - Яков, тоғызда, қолағаштай мұрнына қарағанда жойыт тәрізді, бірақ документте орыс деп жазылған; қайдан кеп , қандан тұрғаны белгісіз,әрі мылқау№ Ең соңындағы-жаңа алдымен шыққан қасқа,жетіде. Сіздерден жасыратын не бар, тегі жаман-неміс. Бұл баланың орны детдом емес еді, әке-шешеден бірдей айырылып, панасыз қалған соң алынған екен. Әкіметтің кеңшілігі көп. Енді осы араға келіп тұрған жайы бар.
-Сеңкі аға трі, -дейді әбден жеңіп алған Зигфрид.-Меңкі үш аға өлген. -Үш саусағын көрсетеді. - Келім...бет...Жолым...бет...Нарым...бет...- Әр ағасының атын атаған сайын бір саусағын бүгеді. - Енді мен біреу, -деді жұмылған үш саусағының орнына жалғыз шынашағын шошайтып.-Мен мынау... - Содан соң бас бармағын көрсетеді.- Мынау болады.Көкем айтқан.
Ауыл балаларымен кездесу үнемі дәл осындай түсініскен достық жағдайда өте бермейтін. Әсіресе ересектерімен. Алғашында өзенді бойлай тығылып кеп, сыртта ойнап жүрген Зигфридті жылқының кепкен тезегімен атқыласты.