Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды, ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда әркім ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі, марқұмның өзіне де, артында қалған үрім-бұтағына да ізгі тілектер білдіріледі.