Қанекең орнына барып отырды.
-Иә, сөйле, інішек.
-Жақында Керекуге барып қайтып едім.
-Ал.
-Николай Ермилович Сізге сәлем айтып еді.
Қанекең маған жалт қарады.
-Николай Ермилович дейсің бе? Алексеев пе?
-Иә, сол кісі Сізге әдейі барып, колың қысып, сәлемімді тапсыр деп аманат қалып еді.
Мен екі қолымды бірдей создым. Қанекең отырған орнынан түрегелді. Қолын берді. Мен қысыпалып жібермеймін
-Е-е, ол байғұс бар екен ғой әлі. Қалай екен өзі? Тың ба екен? Денсаулығы тұрмысы қалай екен? Бізге сабақ берген кезде отыздар шамасында болса керек.
-"Биыл жетпіс бестемін" дейді. Бірақ әлі тың, - деймін мен.
-Жасында қайратты адам сияқты еді. Бір аяғын сылтып басатын ба еді? Ұмытып қалаппын.
-Дұрыс айтасыз. Сылтып басады.
Алексеев жасында елдегі мектептерді аралап жүріп, қыстың боранды бір күнінде астындағы аты болдырып далада түнепті. Сонда бір аяғының бақайлары үсіп қалған екен.
Қанекең Алексеевтің жайын сұрап тұр. Мен тілім жеткенше айтып тұрмын. Онын Ленин орденін алғанын Қазақ КСР мектебіне еңбек сіңігрен мұғалім екенін айтқанда, көзі күлімдеп, кеудесін көтергендей, қуанғандай рай білдіреді.
-Керекуге бара қалсам, әдейі барып, сәлем беріп шығайыншы. Жасамызда қолымыздан жетектеп жолға салғандай адам болған еді. Үйінің мекенжайын білмейсің бе?
-Білем. Тургенев көшесі, 62-үй.
Қанекең алдындағы күнтізбеге жазып қойды.
-Жарайды, қарағым, сау бол.
Мен сол кабинеттен амалсыздан шықтым. Әңгімелесе бергім келіп-ақ тұр. Шынымды айтайын мен бұрын ол кісіні қолжетпейтін аспандағы жұлдыз санаушы едім. Олай емес екен Қарапайым кішіпейіл адам екен.