- Айт кұтты болсын.
- Айтсын...
- Немене, сен тоқтынды саттың ба?
- Жоқ.
- Маған сатшы, әжеме құрбан шалдырайын.
- Ақша дабай.
- Күз аларсың.
- Болмайды.
Уәли кеткен соң Молдағали текенің терісін жұдырықтап жатып:
- Аштан өлейін деп жүріп, айтта несі бар екен, алдап апарып сойып бір тоймақ қой, - деп күлді...
Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ, ызындаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ... Күнбатыс жақ шеттегі үйдің көлеңкесінде, үсті-басы өрім-ерім болып бүкшиіп он екі-он үш жасар бір кыз бала мен бір орта жасты әйел отыр. Жүздері сарғылт, көздері ісіңкі... «Уф!» деп күрсінеді. Әлденені ойлайды... Айдай әлем қуанып жатқан «айт» оған азап секілді. Бар айтатыны:
- Сорлады-ау, сорладық-ау...
Ауыл жақтан ақсандай басып орта жастағы бір еркек келеді. Киімі алым-жұлым, мойнында дорба.
- Қатын, Бәкен қалай?
- Не қалайын сұрайсың, сорлады ғой.
- Немен, қайтты ма?
- Қайтты.
Көлеңкеге сылқ етіп құлай кетті, жылады.
- Ақыр байдың түбі аштан өлер деген осы екен-ау... Зейнеп ше?
- Кірпігі қимылдап жатыр еді, не болғанын білмеймін.
- О да өлген шығар.
Мойнындағы дорбаны алып жерге тастай берді, ішінде бірдеме бар секілді.
- Бірдеме таптың ба әлде?
- Мардымды нәрсе жоқ.