Анасы Әсемнің киім-кешегін дайындап, әрі қуанып, әрі «бұрын алыс жолға шықпап еді» деп уайымдап жүр. Ертең жүреді деген күні: -Алыс жолға жүрейін деп отырсың, ауылдағы үлкендерге кіріп, батасын алып кел, - деп ақыл айтты.
Анасының сөзін жерге тастамайтын Әсем мені ертіп, Ажар апаларға, Бақытгерей, Сырым аталарға барып, сәлем берді.
- Ертең демалыс үйіне барғалы жатыр едім, сіздермен қоштасуға келдім, - деді Әсем сәл ұяла сөйлеп.
- Сапарың оң болсын!
- Аман жүр, қарағым!
- Өркенің өссін! - деп үлкендер риза болып, батасын беріп, үйлерінен дәм татқызды.
Ұзақ жолға аттанарда немесе алыс сапардан, қаладағы оқудан келген бала, жасы кіші адам ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, батасын алады.
Бұл - әдептіліктің, үлкенді сыйлай білудің, мәдениеттіліктің белгісі.