Полимер сазды композициялық материалдарды алу мақсатында өте маңызды жағдай полимер қасиетіне минералды компоненттің әсер ету жағдайын анықтау болып табылады. Бентонит сазы да, поливинилпирролидон (ПВП) да жеке-жеке алғанда дәрілік заттарды байланыстыруға қабілетті функционалды топтарға және гидрофобты топтарға ие. Бұл қасиеттер бентонит сазы және поливинилпирролидон негізіндегі композициялық материалдарды дәрілік заттарды байланыстыруға қабілетті болар деп ойлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта медицинада қолданылып жүрген полимер-тасымалдаушылардың қайсысында болмасын өздеріне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Полимер-тасымалдаушыларға қойылатын талаптар оның қолданылу формасына, әдісіне қарай анықталады. Сонымен қатар, медициналық полимерлер оларға сапасы, тазалығы, усыздығы, биодеструкцияға төзімділігі немесе биологиялық ортада тұрақтылығы бойынша қойылатын әртүрлі талаптарды қанағаттандыруы тиіс. Ең басты шарт – олардың біртекті және құрамдас компоненттерінің үйлесімді болуы.