Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді.
"Бесік алып беру" - қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүр. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киітін, зергерлік бұйымдары мен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған киітінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттарға дейін кіреді.
Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағиларымен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. сонан соң "бесікке салу" ырымын жасайды. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жаңа бесікке нәрестені бөлемес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге "тыштыма" деп үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры айтылып, би биленіп, көңіл көтереді.