1. Берілген есепті математикалық түрде өрнектеу, яғни есепті мәселе ретінде қоя білу.
2. Есепті шығарудың компьютерге ыңғайлы сандық тәсілдерін анықтау.
3. Есепті шығару жолын алгоритм түрінде бейнелеу.
4. Есепті компьютерде шығару программасын жасап, оның қателерін түзету.
5. Есепке керекті мәліметтер дайындау.
6. Компьютерде есепті шығару және шыққан нәтижесін іс жүзінде қолдану.
Берілген есепті математикалық түрде өрнектеу дегеніміз – есептің берілген мәндерін математикалық таңбаларды қолданып жаза білу және керекті математикалық формулаларды анықтау болып саналады.
Күрделі формулаларды, теңдеулерді арифметикалық амалдар тізбегіне айналдыру есепті шығарудың сандық тәсілдерін табу немесе анықтау жолы болып есептеледі. Қазіргі кезде барлық есептердің шығару жолының сандық тәсілдері белгілі десе де болады, тек солардың ішінен өзімізге тиімді жолын таңдап алуымыз керек. Бұл мақсатқа есепті шығару дәлдігін, нәтижені жылдам табу мүмкіндігін, мәліметтерді дайындау мен есепті шығарудың бағасын салыстыра отырып қарастыру қажет.
Есептің алгоритмін жасағанда, оның шығару жолын тізбектелген іс-әрекеттер ретінде схема түрінде өрнектеледі.
Программа жасағанда қазірде кеңінен тараған программалау тілінің бірінде алгоритм нақты түрде жазылады. Бізде кең тараған тілдерге – Паскаль, Дельфи, С/С++ жатады. Жазылған программаның қатесін түзету компьютердің көмегімен шешіледі, өйткені жіберілген қателерді тек компьютер ғана жылдам аңғарып, түзету мүмкіндігін береді.
Есепті шығаруға керекті деректерді сұрыпталған күйінде алдын ала қағазға, әйтпесе магниттік дискіге жазып, компьютердің жадына реттей отырып енгіземіз. Есептің нәтижесін алған соң шешім қабылдау және іс жүзінде қолдану – мамандардың жұмысы. Тек солар ғана белгілі бір шешім қабылдай алады. Бірақ оқып-үйрену барысында кездесетін, яғни студенттерге арналған есептерде жоғарыда көрсетілген сатылардың бірсыпырасы болмайды, өйткені олар бірден формула күйінде беріледі, шығарудың сандық тәсілі формулада айқын көрініп тұрады (интеграл, туында болмаса) да, нәтижені алған соң, оны жазып алу жеткілікті болып табылады. Мәселені шешудің немесе есеп шығарудың көрсетілген алты сатысы күрделі өндірістік есептерде, дипломдық немесе курстық жұмыстарда жиі кездеседі.