Немістер Португалияны тас-талқан етіп жеңді
Бесінші ойын күнінің алғашқы матчында Германия мен Португалия құрамасы кездесті. «Форте Нова» стадионында өткен бұл кездесу мамандардың пайымдауы бойынша тартысты өтуі керек еді. Бірақ іс жүзіне келгенде керісінше болып шықты. Ойынның алғашқы минутынан бастап допты өз бақылауларына алған «неміс машинасы» кездесудің соңына дейін қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Матчтағы есепті ойынның 11-минутында мюнхендік «Баварияның» шабуылшысы Томас Мюллер ашты. Ол командаласы Мариа Гетце алып берген онбір метрлік айып добын сауатты орындады. Бұл біріншілік барысындағы бесінші пенальти болатын. Ойынның 32-минутында дортмундық «Боруссияның» қорғаушысы Матс Хуммельс бұрыштан асырылған допқа қарсыластарынан бұрын жетіп есепті еселесе, бірінші тайм аяқталар тұста Томас дубль жасап, есепті 3:0-ге жеткізді. Айта кетейік, бірінші тай орта белінде Томас Мюллерді басымен сүзіп кеткені үшін Португалия құрамасының қорғаушысы Пепе қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған болатын. Бұл ХХ-шы әлем чемпионатындағы үшінші қызыл қағаз еді.